Компьютерде ақпаратты өңдеу барысында сақтап тұратын әрі өңделген ақпаратты компьютер өшкеннен кейін де ұзақ уақыт сақтайтын жад болады. Ол негізінен ішкі жад және сыртқы жад болып екіге бөлінеді.
Ішкі жад
RAM RAM (Random Access Memory) — жедел есте сақтау құрылғысы (ЖЕСҚ), компьютердің ішкі жад бөлігі. Жедел жад деректер мен программаларды уақытша сақтау үшін қолданылады.
Компьютерді өшірген кезде ЖЕСҚ-дағы деректер сақталмайды. Қазіргі кезде программалық қамтамасыздандырудың жұмысы үшін ЖЕСҚ-ның көлемі кем дегенде 4 Гб болуы тиіс.
Кэш Кэш (ағыл. cache — қойма) — процессор жиі қолданылатын деректерді уақытша сақтау үшін қолданылатын шағын көлемді жад. Процессор мен одан жылдамдығы төмен жедел жад арасындағы өңдеу жылдамдығының айырмашылығын реттеу үшін қолданылады.
Деңгей
Көлемі
L1
128 Кб
L2
1 Мб-ға дейін және одан жоғары
L3
8 Мб
Тұрақты жад ROM (read only memory) — тек оқуға арналған жад, тұрақты жад құрылғысы (ТЖҚ) деп те аталады.
BIOS (Basic Input Output System) — енгізу-шығарудың базалық жүйесі. Компьютер құрылғыларының арасындағы өзара әрекетті ұйымдастырушы программалар жиынтығы.
ТЖҚ-да дисплей, пернетақта, принтер, сыртқы жадты басқару, компьютерді қосу, құрылғыларды тестілеу программалары жазылады. Процессор жұмысын басқару программасы зауытта орнатылады.
Сыртқы жад
Қатқыл диск Қатқыл диск (HDD — hard disk drive) — сыйымдылығы үлкен ақпарат жинақтаушы құрылғы, «компьютердің негізгі есте сақтау құрылғысы» деп те аталады.
Бұл — магнитпен қапталған, біртұтас қабаттасқан бірнеше металдан немесе шыны дискілерден тұратын дерек жинақтаушы.
Оптикалық диск түрлері: CD-R, CD-RW, DVD-R, DVD-RW. Дискжетек жылдамдығымен, оқу-жазу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Дара жылдамдықты дискжетек 150 Кб/с, екі еселік жылдамдықта 300 Кб/с оқу жылдамдығын қамтамасыз етеді.
Формат
Сипаттама
R (read)
Ақпарат бір рет ғана жазылады
RW (write)
Ақпаратты бірнеше рет жазуға, өшіруге, қайта жазуға болады
Флеш-жад Флеш-жад (flash — жарқыл) — жазылған мәліметтерді есте сақтай алатын микросхема түрінде жасалған жад түрі.
Кез келген компьютерде, цифрлы фотокамералар мен смартфондарда пайдаланылады. Ақпарат ұзақ уақыт сақталады, магниттік немесе оптикалық дискжетекке қарағанда энергияны аз тұтынады. USB-портқа қосу арқылы оқу-жазу жүзеге асады. Сыйымдылығы 1 Гбайттан басталады.